Жаңалықтар

Үлгілі отбасы — мемлекеттің тірегі

Балалар жылына орай Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті мен ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы облыстық филиалы бірлесіп өткізген «Отбасының даму күні» атты тренингте облыстағы 4 үлгілі отбасы өз тәжірибелерімен бөлісіп, пікір алмасты.

Тренингке қатысқан отбасыларға ата-анасының бірі мемлекеттік қызметші және балалардың жас ерекшелігі 10-12 жаста болу керек деген талап қойылды. Осы талаптарға сәйкес келген 4 отбасы басқосуда отбасындағы өзара қарым-қатынасты нығайту, отбасылық құндылықтарды дәріптеу төңірегінде өз ой-пікірлерін ортаға салып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтсақ, аталған шараға Ақтөбе қаласынан Кенжебаевтар мен Қазбаевтар отбасы, Алға ауданынан Тілеумұратовтар, ал Қарғалы ауданынан Айжарықовтар отбасы қатысты.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Гүлмира Бисекешованың айтуынша, мұндай жоба облыста биыл алғаш рет қолға алынып отыр. Болашақта дәл осындай шаралар мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүрген жас отбасыларға ұйымдастырылмақ.

Қоғамда әр адамның, оның ішінде мемлекеттік қызметшілердің отбасылық жағдайы жұмысына тікелей әсер етеді. Өйткені отбасындағы тұрақтылық, сыйластық,  үйлесімділік қызметшінің көңіл күйіне, жұмысына оң септігін тигізеді. Сондай-ақ қызмет барысында қызметшінің алдына қойған мақсатына жетуіне, дұрыс шешім қабылдап, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуіне ықпал етеді.

Біздің мемлекеттік қызметшілердің жұмысы кейде 8 сағаттан асып кетіп жатады. Себебі шұғыл тапсырмалар беріледі, жоспарламаған жерден шараларға қатысу керек болады. Сол кезде отбасы мүшелерінің түсіністікпен қарауы өте маңызды. Міне, біздің ұйымдастырған тренингте осы мәселелер қозғалып, балалардың ата-аналарының жұмысына деген көзқарасы, ой-пікірі сұралды. Біз алдағы уақытта осындай тренингтер жаңадан отбасы болған мемлекеттік қызметшілерге өткізілсе деген ұсыныстарымызды білдірдік. Бұл бағытта қазір облыстық филиал жақсы жұмыс жасап жатыр. Мемлекеттік басқару академиясы облыстық филиалында жуырда мемлекеттік қызметшілерге арналған «Сәуле» атты студия ашылды. Бұл студияда оқуға келген қызметшілеріміз бас қосып, түрлі ойын, тренинг сияқты еркін форматтағы шараларды өткізеді, психолог мамандармен әңгімелеседі, — дейді ол.

Шараға қатысқан отбасылардың бірі — Қазбаевтар отбасының анасы Айгүл Жақсыбек облыстық әділет департаментінде бөлім басшысы болып қызмет етеді.

Оқу орнын заңгер мамандығы бойынша аяқтаған Айгүл 2015 жылы облыстық әділет департаментіне жетекші маман болып жұмысқа орналасқан. Содан бері 7 жыл ішінде бөлім басшысы лауазымына дейін көтеріліпті. Қазір Айгүл күйеуі Жанат екеуі отбасында 4 бала тәрбиелеп отыр.

— Отағасы — жеке кәсіпкер. Өзім мемлекеттік қызметте жұмыс істеймін. Бүгінде отбасында 4 бала тәрбиелеп, өсіріп отырмыз. Балаларымыздың үлкені 11 жаста болса, ең кенжесі 7 айлық. Отбасында түсіністікпен, сыйластықпен өмір сүріп жатырмыз. Күйеуім қызметте жүргенімде қиындықтар, қауырт жұмыстар болған жағдайда түсіністік танытып, үй шаруасына, балалардың тәрбиесіне көмектесіп, қолдау білдіріп отырады. Осы күнге дейін ренжісіп, бір-бірімізге ауыр сөздер айтып көргеніміз жоқ. Балаларымыз да бізден алған тәлім-тәрбиенің арқасында бір-біріне жанашыр, қамқор болып өсіп келеді.

Бүгінгі шараға күйеуім мен үлкен қызымыз Томирис — үшеуміз қатыстық. Тренинг аясында отбасындағы қиындықтарды қалай жеңу керектігін, балаларды тәрбиелеуде нені үйрену қажет екенін, оларға қалай жан-жақты тәлім-тәрбие беру керектігі жөнінде өз ой-пікірлерімізді ортаға салдық. Меніңше, мұндай шараларды қазіргі таңда қай салада болсын қызмет етіп жүрген мамандарға өткізу керек. Себебі күндіз-түні ата-аналары қызметте жүрген балаларға кейде қамқорлық, жан жылуы жетіспейді. Осындай жағдайлардың, олқылықтардың кесірінен отбасында түсініспеушілік, өкпе-реніш пайда болады, — дейді ол.

Айта кету керек, қазіргі таңда өңірде отбасында көп бала тәрбиелеп, өсіріп отырған мемлекеттік қызметшілердің саны артып келеді.

                                                              Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button